14
март
2024
14 наурыз – Көрісу күні




Біреуге реніші бар адамдар бұл күні өкпесін ұмытып, ренжіскен адамына кіріп көріседі. Сөйтіп, арадағы суық қарым-қатынастың жібі үзіліп, көрісу күні адамдар бір-бірімен қайта табысады. Көрісу күні кіріп-шықпаған жасы кіші туған-туысқан, көрші-қолаңға жасы үлкендер «Көрісіп шықпады» деп ренжиді. Сондықтан, бұл күні әр адам мүмкіндігі болса, бүкіл ауылдың табалдырығын аттап шығуға тырысады.
Бүгінгі күні Қазақстанның батыс аймағына берік орныққан бұл дәстүр жыл сайын жергілікті халық сағына күтетін бірден-бір салт болып отыр. Бұл күні бауырсақ, тәттілерді оқушылар мен мұғалімдер мектепке де апара береді. Көрісіп болған әр адамға тамақ үйлестіріліп, «Бір жасыңмен!» деген тілек айтылады.
14 наурыз күні басталатын Көрісу мейрамы жыл бойы жалғасын табады. Көрісуде ауылда болмай, ауылға енді келген адамды көрген кезде, амандық-саулықтан кейін «Бір жасыңмен!» деп қол алысуымыз керек.
Таң лебі мен таң атысымен қазанда бұрқырап пісіп жатқан бауырсақтың иісі Көрісу күнінің белгісі іспетті. Әр үйдің үлкендері оянып, дастарханын толтырып, көрісіп шығатын бала-шағаны күтіп отырады. 14 наурыз күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды. Бәрінің есігі ашық, үйі жинаулы, дастарханы мол болып тұруы керек.
Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен Жаңа Жылы - 22 наурыз мерекесін қарсы алады...